«Шоқан. Қашқария сапары» мультхикаясы ағартушы-ғалым, этнограф Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай арнайы әзірленді.
Мультфильм «Balapan» телеарнасынан 16 желтоқсаннан бастап, дүйсенбі-жұма күндері сағат 11:05-те көрсетіледі.
10 сериялы мультхикая ғалымның Қашқарияға тарихи сапары барысындағы шытырман оқиғаларға негізделген. Әр бөлімнің ұзақтығы - 7 минут.
Оқиға желісі 8 жасар Азат есімді баланың кенеттен Ш.Уәлихановтың Қашғар сапары басталған 1858 жылға тап болуынан бастау алады. Мультхикаяда фантастикалық кейіпкерлер де бар.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Шоқан. Қашқария сапары» анимациялық мультсериалының толық нұсқасын келер жылы кинотеатрлардан көрсетуді жоспарлап отыр.
Корпорация биыл жалпы саны 382 сериядан тұратын 20 анимациялық жоба түсірді.